Полиция атышулы Кеңқияқта болуы мүмкін атысқа қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр

фото: «Литер»

Aktobenews.kz редакциясына хабарласқан тұрғындар Кеңқияқ ауылында тәртіп сақшыларының өзара жанжал шығарғаны туралы айтып берді. Ауылдың ортасында қырқыс болып, кейін олар елді мекеннің шет жағына кеткен. Бір қызығы, мұны үлкендер де, балалар да қарап тұрған.

«Ересектер балаларға «үйлеріңе қайтыңдар, далаға шықпаңдар» деп ескерту жасады. Айдың-күннің аманында, бейбіт заманда полиция формасын киген азаматтардың өзара жанжалдасқаны не сұмдық?! Алғашында теріс ағымның өкілдерімен келіспей жатқан шығар деп үрейлендік. Сөйтсек, халық сеніп жүрген тәртіп сақшылары өзара төбелесіп жүр екен», — дейді Кеңқияқ ауылының тұрғындары.

Өз кезегінде, облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметкері материалды жазбауымызды, ең болмағанда 15 минут күтуімізді сұрады. Кейін тағы шамалы күте тұрыңдар деген ол кешегі күні ақыры ақпарат бермеді. Араға бір күн салып, ауылда атыстың болмағанын айтқан ІІД өкілі тәртіп сақшылары арасындағы жанжалды жоққа шығаруға тырысты.

«Дегенмен, арнайы топ Кеңқияқ ауылына барып, тексеру жұмыстарын қолға алып жатыр. Қорытындысын қосымша хабарлаймыз», — деді ІІД өкілі.

Айта кетейік, бүгінде Кеңқияқ тұрғындары тапа-тал түсте атылған оқтың дауысы шыққанын хабарлап отыр. Арасында бір полицейдің жарақат алғаны жайлы да айтылады. Ауруханаға тіркелген ешкім жоқ. Халық үрейленіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, алты жыл бұрын аталған аудандағы терактілерден кейін полиция қызметкерлері саны екі есеге көбейтілген болатын.

Марат Төлепберген, Aktobenews.kz

 

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: