«Нұрсұлтансалған»: Ақтөбелік жас ақын Астанаға ерекше ат ойлап тапты

Ақтөбелік жас ақын Балтабек Нұрғалиев Астана қаласының атауын «Нұрсұлтансалған» деп өзгертуді ұсынды деп хабарлайды NUR.KZ.

astana.gbsge.com

Ол бұл ұсынысын Facebook желісіндегі парақшасында жариялаған. Ақын мұндай ұсыныс жасауының себептерін толық түсіндіріп, жазып өткен.

«Ерлігі еңселі, еңбегі ерен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған жері Алматы облысындағы Шамалған ауылы екенін бәріміз білеміз. Сол ауылдың атына сәйкестендіріп, орайластырып ой түйгенмін. «Шам», «алған» деген екі сөздің бірігуінен құралған ғой ауыл атауы. Сол секілді мен де «Нұрсұлтан» және «салған» деген екі ұғымды ұлағатпен біріктіре білдім», — дейді Балтабек.

Оның ойынша, мұндай атауды берген құрметімізден кейін, өзге елдер бізден именетін болады дейді.

«Бұл сөзді естіген өзге елдер біздің Елбасымызға деген игі құрметімізден именетін болады. «Біз неге қазақ халқы секілді саналы, салауатты емеспіз…» деп бізге қарап, бой түзейді, ой түзейді. Ауызбіршілігімізден аяқ тартады ғой. Астана атын өзгертудің еш қажеті жоқ! Астана атауын бәрі біледі. Бұл – баяғыдан қалыптасқан бренд» дейтіндерге айтарым – қажеті бар. Себебі, Астанада өткізілген қандай да болмасын берекелі бастамалардың, шұғылалы шаралардың барлығының бір жебеушісі, бір қамқоршысы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенін дүйім дүниежүзі жақсы біледі. Әлемдік оймен біз әдеп сақтай отырып, санасуымыз керек. Әлем үшін – Елбасымыздың Есімі – бәрінен биік бренд!» — деген ақын бұл өзінің ғана ойы емес, құдайдың бұйрығы дейді.

«Бұл – Құдайдың бұйрығы! Алла-тағаланың: «Патшаларың – менің жердегі елшілерім. Құрметтеп, қастерлеңдер! Қадірін біліңдер!» деп бізге аманат еткенін алдыңғы жазбамда айтқан едім ғой. Тәуелсіз ел емеспіз бе? Есерлігімізді емес, естілігімізді паш ететін сәт туды, халайық!», — деп түйіндейді ол сөзін.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: