Мәселесі шаш етектен Шалқар көлінің айналасында тынығу орындарын ашу сәнге айналып барады

фото: yvision.kz

Ақтөбе облысындағы Шалқар көлі табанының мәселесі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі. Аудан басшысы Бауыржан Қаниевтің есебінше, мәселені шешуге жергілікті бюджеттің шамасы келмейді. Тек үкімет араласса ғана, су табаны тазартылуы мүмкін. Оған, аудан басшысының есебінше, 5 миллиард теңге қажет.

«Өткенде ауданға іссапармен Бердібек Сапарбаев келгенде бөгеттерді көрсеттік. Су қоймасына апардық. Дамбоның жұмысымен таныстырдық. Жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы табылды. Облыс әкімінің өз жоспары бар секілді. Ауданға 1 млрд теңге алып беретін болды. Енді көл табанын тазарту тетіктерін қарастыру керек», — дейді Шалқар ауданының басшысы.

Бауыржан Қаниевтің айтуынша, қалың қамыстан су асты бұлақ көздері бітеліп қалған, сондықтан, лайды тазартып, шөпті құрту керек. Оған дейінгі аудан басшылары шөпті азайту үшін балық та жіберіп көрген екен.

Аудан әкімі көлдің айналасындағы тазалық мәселесін де қозғады.

«Көлді ластайтын алдымен өзіміз. Мұғалжар, Ырғыз, Байғаниннен ешкім келіп қоқыс тастамайды. Дегенмен, биыл көл жағасында катамарандар пайда болуы мүмкін. Жағажай ашамыз деп кәсіпкер жігіттер құлшынып отыр. Балалардың жазғы лагерьлерін жандандырғысы келетіндер бар. Жергілікті билік ондай кәсіп түрлеріне рұқсат береді», — дейді Бауыржан Қаниев.

Мұхит Әлжан, Aktobenews.kz

 

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: