Мереке күні баспаналы болған ақтөбелік мүгедек отағасы шілдеханаға дайындалып жатқанын айтады

фото: Асқар Ақтілеу

Санаулы күн бұрын қоныс тойын тойлаған бірінші топ мүгедегі Мұсағали Есенғалиев пен жары Қызғалдақ Aktobenews.kz тілшісіне қалай танысқандарын айтып берді.

«Мен 10 сыныпта оқып жүрген кезім. Мұсағали екеуміз ол уақытта Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылында тұрамыз. Бірақ бір-бірімізді танымайды екенбіз. 2014 жылы ол отбасымен Ақтөбеге көшіп кеткен. Кейін ауылға поштаға жәрдемақы алу үшін келген екен. Сыртымнан көріп, ауыл тұрғындарынан телефонымды біліп алыпты. Бір күні хабарласып, танысқысы келетінін айтты», — дейді Қызғалдақ Есенғалиева.

Жастар осылайша араласып жүріп, күндердің күнінде Мұсағали сезімін білдіріп, отбасы құру жөнінде ұсыныс жасайды.

«Мен оның жағдайына қарамадым. Бастысы — біздер бір бірімізді қатты жақсы көрдік. Кейін ол мені алып қашты. Ағайындарымның арасында қарсы болғандар аз болмады. Шешім қабылдамас бұрын әбден ойлан деді. Бастысы — әке-шешем жолымды кеспеді. «Шын сүйсең, өзің шешім қабылда» деді. Бүгінде Ақтөбе қаласында тұрып жатырмыз», — дейді Қызғалдақ.

26 жастағы отағасы Мұсағали бүгінде қалалық еңбекпен қамту орталығында программист болып қызмет етеді. Санаулы күн бұрын оған жас маман ретінде қызметтік баспана кілті табысталды. Мемлекеттік-жекеменшік аясында пайдалануға берілген 115 пәтердің бірі Мұсағалидің отбасына бұйырыпты. Екі бөлмелі пәтерге жас отбасы жиһаз алуды жоспарлап отыр екен.

«Үйдің кезегіне тұрдым. Осыған дейін пәтер жалдап келдік. Жұмысым ұнайды. Табысым отбасыны асырауға жетеді. Бақдәулет деген бір ұлымыз бар. Келіншегімнің аяғы ауыр, амандық болса, жаз айларында сәбилі боламыз деп отырмыз», — дейді ол.

Мұхит Әлжан, Aktobenews.kz

 

 

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: